Ертегімен есейемін
15 мамыр – «Ұлттық ертегілер күні» С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Ертегілер елінде» атты балаларға арналған ойын-сауық бағытындағы шара өтті. «Нұр Ана» ҚБ-нің мүшелері ақ жаулықты әжелер шараға арнайы келіп, шашу шашып құтты болсын айтты.
Шараға Павлодар қаласындағы Б.Момышұлы атындағы ЖОББМ, №25 ЖОББМ, №35 ЖОББМ, №11 ЖОББМ-нің бастауыш сынып оқушылары қатысты.
Шара барысында Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінің қызметкері, «Темір адам» атағының иегері Жеңісбек Қадырұлы «Керқұла атты Кендебай» рөлінде өнер көрсетті.
«Ақ әжемнің ертегілері» тақырыбында «Нұр Ана» ҚБ-нің мүшелері – Қани Күріш, Гүлназ Елеукенова әжелер кішкентай оқырмандарға арнап ертегілер оқып берді.
Өңіріміздегі «Домовята» театр шеберханасының өнерпаздары «Сараң бай» ертегісін сахналап, қойылым аяқталған соң кішкентай көрермендер ертегі кейіпкерлеріне сұрақтар қойды.
Ал «Ертегілер есіңде ме?» зияткерлік ойынында оқушылар ұлттық ертегіге қатысты білімдерін сынға салып, қызыққа толы ойын үлгісін көрсетіп, сыйлыққа тәтті балмұздақтар алды.
Шара барысында балалар «Ертегілер елінде» атты кітап көрмесін тамашалады.