«Жырлайды жүрек» атты кездесу кеші
12 қазанда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада белгілі жазушы, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғалымбек Жұматовтың 70 жылдық мерейтойына орай «Жырлайды жүрек» атты кездесу кеші өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, өңірдегі мәдениет пен білім, ақпарат саласына жауапты басқарма басшылары қатысып, мерейтой иесін арнайы құттықтады.
Қаламгердің ағасы Ермек Жұматов інісінің бала кездегі оқуға, білімге, шығармашылыққа деген құштарлығы жайлы айтса, жазушының жары – ардагер журналист Ақмарал Сағымбекқызы отағасының үйдегі рөлі туралы баяндап берді. Жазушының үзеңгілес, замандастары өз пікірлерін ортаға салып, мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін арнады.
Аталған әдеби шараны Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана бірлесе ұйымдастырғанын атап өткен жөн.