Үздік маман
Электрондық коммуникациялар мен білім қоғамы ғасырында ең алдымен, кадрлық мәселелерді шешу кезеңінде кітапханалардың болашағы мен олардың әлеуметтік қажеттілігі алдыңғы қатарда тұрады. Осы ретте кәсіби шеберлік байқауы мотивация мен дамудың тиімді тәжірибесі бола алады. Жастар үшін мұндай байқау – әрбір маманға өз біліктілігін көрсетуге, кәсіби өсуге мүмкіндік беретін тамаша ынталандыру.
16 маусымда С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Павлодар облысының көпшілік кітапханашылары арасында «Жастар уақыты» атты кәсіби шеберлік байқауының қорытындысын шығарды. Қатысушылар-30 жасқа дейінгі кітапхана мамандары. Байқау кітапхана саласы қызметінің жоғары стандарттарын сақтауға, кәсіби шеберлік көшбасшыларын анықтауға, жас мамандарды ынталандыруға, әлеуметтік маңызы бар кітапханалық-ақпараттық жобаларды ілгерілетуге, кітапханашы мамандығының беделін арттыруға бағытталған.
Аудандық және қалалық кітапханаларда өткізілген іріктеу турларының қорытындысы бойынша байқаудың бірінші кезеңінің жеңімпаздары «Кітапханашының визит карточкасын» ұсынды, сондай-ақ портфолио, өз кітапханасы (қызметкерлері, оқырмандары) туралы эссе дайындады, жобаларының тұсаукесерін өткізді. Жас мамандар Кітапхана ісі мәселелері бойынша өз білімдері мен дағдыларын көрсетті.
Сайыскерлер келесі критерийлер бойынша бағаланды: кәсіби құзыреттілік пен шеберлік деңгейі, инновацияларды енгізу; жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану; жеке шығармашылық стиль жасау; жалпы мәдениет, эрудиция, коммуникативтік қабілеттер.
Байқау критерийлеріне сәйкес Мырзагалиева Айнель (С.Торайғыров атындағы ОӘҒК) жеңімпаз атанды.
Байқау жеңімпазы Қазақстанның көрнекті қайраткері Қожахметова Нәзира Дәулетованың 95 жылдығына орай өткізілетін ҚР Ұлттық кітапханасының (Алматы) «Үздік жас кітапханашы – 2021» республикалық байқауының финалдық кезеңіне өтеді.
Барлық финалистерге қатысушы сертификаттары берілді.