«Жапырақ – жаздың жүрегі»
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, ақын, журналист, аудармашы Күләш Ахметованың 75 жылдық мерейтойына арналған «Жапырақ — жаздың жүрегі» атты шығармашылық жүздесуі өтті.
Әдеби кездесуге онлайн режимде Күләш Ахметованың жары, Қазақстан Респбликасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, кеш иесі - Күләш Ахметова және зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Сондай-ақ өлеңсүйер оқырман мен кітапханашылар, ақындар, мәдениет саласының өкілдері Zoom платформасы арқылы жүздесуді тамашалады. Әдеби шараны Қазақстан жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Жарқынбек Амантай жүргізді. Кездесу барысында Күләш Ділдәқызының V томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті. Сиясы кеппеген аталған V томдық кітап елімізге белгілі азамат Шухрат Абдурашитұлы Данбайдың демеушілігімен жарық көргенін айта кеткен жөн. Әдеби басқосуда халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, күрескер ақын Арман Қани, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғалия Балтабай, Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, ғалым Майгүл Оразхановалар пікір білдіріп, ойларын ортаға салды.
- Биыл бір шаңырақ астында жарты ғасырдан астам уақыт бірге жасасып келе жатқан қазақтың қос ақынының мерейтойы. Ертіс – Баян жері де Алаштың айтулы ақындарының мерейтойын атап өтуге өз үлесімізді қоссақ деп шештік. Қайырбек аға да, Күләш апамыз да кейінгі жастарға өнерімен де өмірімен де үлгі боларлық тұлғалар, - дейді әдеби шараны ұйымдастырушы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкері Алпысбай Хонж.
Әдеби шара барысында Айбек Оралхан, Әбу Жарқын, Досжан Мұратбек секілді жас дарындар Күләш Ахметованың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Айта кетерлігі ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді бүгінде қазақ эстрадасындағы өнер майталмандары үлкен сахналарда орындап жүр. Әдеби кеште Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрының әртістері, Нұржан Әбіласан мен Бағила Жылқыбай «Жалғыз досым», «Жақсылықтың бағасы» әндерін нақышына келтіре шырқады.
Жиын соңында Күләш Ахметованың құрметіне арнайы ұйымдастырылған «Мен даланың қызымын Ел деп туған» атты өлең оқу марафонына қатысқан өлеңсүйер оқырмандарға ақынның жүрек жарды лебізі жазылған Алғыс хат пен қолтаңбасы қойылған V томдық шығармалар жинағы сыйға берілді. Осы марафонға аз ғана уақыт ішінде 30-дан астам кітапсүйер оқырман қатысып, қолдау білдіргенін айта кеткен орынды. Олардың басым бөлігі жастар. Қатысушылардың ең жасы Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы орта мектептің 2-сынып оқушысы Інжу Жұмкен. Сонымен қатар Күләш Ділдәқызының биыл жарық көрген V томдық шығармалар жинағы аймағымыздағы 13 орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне де сыйға берілді.