"ЖАС ҰЛАНҒА" ЖАРТЫ ҒАСЫР

Кітапханамызда "Жас ұлан" ұйымы: Тәуелсіздік жолында" атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шараға аталған ұйымның құрылуына негіз болған күрескер ақын, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Арман Қани және осы ұйымның мүшелері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары жиналып кешегі тар замандағы тәуелсіздікті аңсаған жастардың ерлікке толы істерін, ұлт болашағы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтар жайлы кеңірек әңгімеледі. Осы күнге жетпеген ұйым мүшелерін жиналушылар үнсіздікпен еске алып, өткендердің рухына тағзым етті. Мәртебелі меймандар қатарында "Жас ұландықтар" үлгі тұтқан "Жас тұлпар" ұйымының ардагері Марат Сембі, қоғам қайраткері, жазушы Кәмел Жүністегі, "жас Қазақ" ұйымының ардагері, қаламгер Төрехан Майбас, Қазақстанның Құрметті журналисі, "Жас ұлан" ұйымы туралы "SOS" белгісі" атты зерттеу мақала жазған Жанболат Аупбаев және басқа да азаматтар болды. Шара барысында "Тәуелсіздікке ұмтылған "Жас ұландар" кітабының тұсауы кесілді. Жинақтың редакторы жергілікті ғалым, филология ғылымдарының докторы, ұлт жанашыры Айман Зейнуллина. Сондай-ақ шара барысында ұйым мүшелері мен құрметті қонақтарға "Жас ұланның" естелік сыйлықтары берілді. Жергілікті "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Социал Әйтенов ана тіліміздің дамуына үлес қосып жүрген жас ақындарды марапаттады.