Жаңа басшы тағайындалды!
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалына жаңа басшы тағайындалды. Аталған лауазымға жергілікті жас ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «JEBE» қоғамдық бірлестігінің белсенді өкілі Жарқынбек Амантайұлы ылайықты деп танылды.
С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында өткен жиында филиалдың жаңа басшысымен зиялы қауым өкілдерін Қазақстан Жазушылар одағының бірінші орынбасары, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері Ақберен Елгезек таныстырды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы жиынға арнайы қатысып, филиалдың жаңа басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Зиялы қауым өкілдері 8 жыл бойы жергілікті филиалды басқарып келген ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қаниға зор алғыс айтып, салтанатпен шығарып салды. Жиын барысында Ақберен Елгезек Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмысына тоқталып өтті. Сонымен қатар Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов филиалдың жұмысын жүйелі түрде жүргізу үшін жергілікті билік тарапынан әркез қолдау жасалатынын айтты.