Зиялы қауым өкілдерімен кездесті
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова Ертіс-Баян жерінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Өңір басшысының орынбасары Айзада Құрманова алдымен жиылғандарға облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтауын жеткізді. Бұдан соң облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова 2021 жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады. Басқарма басшысының сөзінше өңірде биыл 10 мыңға жуық мәдени іс-шара өткізілген.
Жиында Павлодар аймағымыздың мәдениет, әдебиет және өнер саласына қосқан мол үлесі үшін бірқатар шығармашылық өкілдеріне облыс әкімінің гранты табыс етілді. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Амантай өзі басқарып отырған филиалдың атқарған жұмысы туралы айтып берді. Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері аймақ басшысының орынбасарына әртүрлі ұсыныс-тілектерін білдіріп, қос тарап пікір алмасты.