Кітапхана тарихы
Павлодар облыстық кітапханасының тарихы ХІХ ғасырдың соңынан басталады, ол кезде Павлодар - уездік орталығы Семей губерниясының құрамында болды. Павлодардың дамуына жүзден аса көпестер өз үлестерін қосты. Солардың арасында А.И.Деров, А.С.Сорокин, Нияз Айтыкин мен оның ұлдары, В.А. Агафонов және тағы басқалар болды. Ең алғашқы қаладағы мәдени мекеме 1892 жылы ашылған қоғамдық кітапхана еді. Кітапхана 1-ші гильдиялық көпес Артемий Иванович Деров пен басқа да жергілікті меценаттардың қаржысына салынды. Кітапхана №3 Мещанск тұйық көшесіндегі (қазіргі М. Есенәлиев көшесі) «Дворяндық жиналыс» ғимаратына орналасты.
1896 жылдан бастап кітапхана уездік аталды және кейін осы күн облыстық кітапхананың мерейтойларын мерекелеуге негіз болды.
1937 жылдан 1947 жылға дейін уездік, одан кейін облыстық кітапхананы Т.Байділдин, В.П.Ветрова, И.Иванова, А.А. Коваленко, Е.В. Рыжко, М.О. Фатфуллина басқарды. 1947 жылы И.Д.Бурилов директор болып тағайындалуымен, соғыстан кейінгі жылдары жұмыстың мазмұны түбірімен өзгерді.
XX ғасырдың I онжылдығында салынған бұрынғы көпес Тумашевтың үйі 1948 жылы кітапханаға берілді. Ерекше сәулет ескерткіші болған бұл 1 қабатты ескі үйде облыстағы басты кітапхана елу жылдай орнықты.
70 - жылдары кітапхана дамуының бір кезеңі орталықтандыру болды. Оны жүзеге асыру үшін 1975 жылғы 24 маусымда Павлодар облыстық халықтық депутаттар Кеңесінің сессиясында арнайы жоспар бекітілді. 1980 жылы облыста жоспарды жүзеге асыру барысында 514 көпшілік кітапхана біріккен 14 орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылды.
1988 жылы Павлодар облысының кітапханалары Қазақ ССР мәдениет Министрлігі бұйрығына сәйкес бұрын жеке болған жасөспірімдер мен балалар кітапханасы облыстық әмбебап кітапхананың құрамына кірді. Абонементте жасөспірімдерге қызмет көрсететін кафедра ұйымдастырылды, балалар бөліміне - бұрынғы облыстық әмбебап кітапхананың бас корпусы берілді, ал 1996 жылы 100 жылдық мерейтойына байланысты бас корпус саяси ағарту үйінің үлкен ғимаратына көшірілді. Сол жылы облыстық кітапхана қазақтың танымал ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімімен аталды.
Қазіргі кезде Павлодар облыстық біріктірілген әмбебап ғылыми кітапханасы - барлық жастағы оқырмандарға қызмет көрсететін, аймақтағы ақпарат пен білім орталығы, мәдени мекеме, компьютерлермен жабдықталған. Кітап қоры - 500,0 мыңнан аса қағаз және электронды ақпарат тасымалдағыштары. Кітапхана жыл сайын 100,0 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетеді. Кітап беру саны - 1000,0 дана.
Облыстық кітапхана Республикада бірінші болып грант алу үшін өтініш беріп, жоба жасауда жұмыс жүргізді. Бұл жұмыс өте нәтижелі болды. 1997-1999 жылдар аралығында кітапхана «Сорос Қазақстан» және «Ашық қоғам» Институты қорынын: «Интернет. Электронды почта», «Аймақтағы үлгілік кітапхана», «Жанашыр» атты гранттарының жеңімпазы атанды. Грант кітапхананың компьютерлік паркін локалді торапқа біріктіруге, пайдаланушылардың Интернетке енуін жүзеге асыруға, электронды каталогқа және Web-сайтқа жұмсалды. «Пушкин кітапханасы» мегажобасына қатысып, Ресей баспасынан шыкқан ең жақсы әдебиеттермен, сондай-ақ компакт-дискі және СD-RОМ түріндегі электронды ақпарат тасумен қорды толықтырды.
Кітапхана ісі «Кітапхана және өлкетану», «Экология и жизнь», «Жанашыр», «Ашық кітапхана», «Библиотека - новые технологии», «Библиотека-центр культуры и досуга» бағдарламаларына бағытталған.
1998 жылы кітапхана Қазақстан Кітапханалар қауымдастығына, 2002 жылы Қазақстан кітапханалар Ақпараттық Консорциумға мүше болды. 2003 жылы Қазақстан кітапханалар астанасы байқау қорытындысы бойынша Павлодарда облыстық кітапханалар негізінде «Жаңа ақпараттық қоғамның жаңа кітапханасы. Үлгілік ауыл кітапханасы» атты республикалық конференциясы өтті. Алғашқы рет Қазақстанда үлгілік ауылдық кітапхана (Шарбақты ауданы, Орловка ауылы) тұсаукесер рәсімі өтті.
2004 жылы республикада алғашқы рет С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана әзірлеген 2004 - 2006 жылдарға арналған «Ауыл кітапханасы» облыстық бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама мақсаты - ауыл тұрғындарын ақпаратпен, біліммен, мәдени құндылықтармен қамтамасыз ету, ауылдық кітапханаларды ақпаратты, білім, мәдени орталық ретінде дамыту. Бағдарлама қабылданғаннан бері 61 ауылдық кітапхана ашылды. Барлық орталық аудандық, қалалық және үлгілік ауылдық кітапханалар компьютерленген. Олар Интернетке шығады, өзіндік деректер қорын құрады, қорды электронды басылымдармен толықтырады, құжаттарды электронды тасымалдауды жүзеге асырады.
2006 жылғы елеулі оқиғалардың бірі - «2004-2006 жж. арналған Ауыл кітапханасы» облыстық бағдарламасын қорытындылауға арналған «Кітапхана - елдің бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық дамуының ресурстық орталығы» атты республикалық семинар. Семинар жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Е.К.Ертісбаев қатысты.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана 2007 жылы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтың баратын аймақтың ірі өнеркәсіптерымен қатар объектілері тізіміне енді. Оның кітапханаға келуі, кітапхананың әлеуметтік маңыздылығын көрсетіп, жетекші ақпарат орталығы ретінде жұртшылық пен жергілікті басқару билік өкілдері арасында беделін арттырды.
2005 ж. бастап Интернет кеңістігінде ОӘҒК ресми сайты - www.pavlodarounb.kz таныстырылды, ал 2018 жылдан сайттың жаңа нұсқасы енгізілді - www.pavlodarlibrary.kz.
2011 жылы 22 маусымда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Павлодар облысы кітапханаларының Күні өтті, бұл жылдың маңызды оқиғаларының бірі болып табылады, оған ҚР Мәдениет министрлігінің өкілі Ж.С. Молдабергенова, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстық кітапханаларының жетекші мамандары, Президенттің мәдениет орталығының қызметкерлері, Астана қаласы ОКЖ, Астана мектептері мен лицейлерінің кітапханашылары қатысты.
2012 жылы облыстық кітапханада Америка бұрышының салтанатты ресми ашылуы өтті. Ашылуға Қазақстандағы АҚШ-ның Елшісі Кеннет Фэйрфакс, Павлодар облысы әкімінің орынбасары А.А. Өрсариев қатысты.
2012 жылдан бастап «С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханадағы облыс орталықтандырылған кітапхана жүйесінің күні» жобасы іске асырылып келеді. Бұл облыстық кітапхана қызметінің өзекті бағыттарының бірі болып табылады, оның мақсаты: кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, кітапханашылардың ақпараттық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, тәжірибе алмасу.
2014 жыл кітапхана қызметкерлері мен оның көптеген оқырмандарына ерекше мезгілге айналды. Кітапхана күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі өз есігін қайтадан ашты. Бүгін кітапханада әрбір оқырман өзінің жеке кеңістігінде жұмыс жасауына жағдай жасалған: креслоға отырып, кітаппен дәлізде немесе арнайы оқуға арналған жерде танысуға мүмкіндігі бар. Жаңа «кітап ордасында» электронды ресурстармен қатар дәстүрлі кітаптар да бар - осының арқасында кітапханалар үлкен сұранысқа ие.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге арналған «Жанашыр» орталығы ашылды - бұл мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға қызмет көрсетілетін заманауи кешен: тифло кешен, «Оқитын машина», шағын трекбол (эргономикалық манипулятор), брайль шрифтімен жұмыс істейтін принтер және компьютер. Қажет болғанда оқырман өз дауысымен өз мәтінін сақтап қала алады. Нашар еститін азаматтар үшін коммуникациялық акустикалық жүйе орнатылған.
Кітапхананың күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі басты жаңалығы - бұл оқырмандарға оқу залында, абонементте кітап қорына ашық қолжеткізу принципі. Абонементке келушілерді жаңа интерьерермен өзгерген бөлім қарсы алды, мұнда 100 мыңнан аса кітап ашық қолжетімділікте. Оқу залында оқырмандар 20 АЖО, WI-FI және жоғарыжылдамдықтағы Интернетті пайдалана алады. Жөндеу жұмысынан кейін Торайғыров залы ашылды. Мұнда ақын және оның шығармашылығы туралы әдебиеттер жинақталған. Торайғыров залында жұмыстың әр түрін қолданып, кітапханашылар Павлодар облысының жетістігін насихаттайтын, кітапхана статусын мәдени рухани орталық ретінде дәлелдейтін шараларды өткізеді, кітапхана өлкетанушылармен, қоғам қайраткерлерімен, қаланың белгілі адамдарымен кездесетін орын ретінде пайдаланады. Залда жаңа компьютер және TV орналасқан.
2013 жылы Новосібір облыстық кітапханасымен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды, «Тілтаным» ресурстық орталығы аясында орыс тілі орталығы құрылды. 30 дана сөздіктер, анықтамалықтар, энциклопедиялар сыйға тартылды.
2014 жылы кітапханада ақпараттық - коммуникациялық технологияларды кеңінен енгізуге және дамытуға баса назар аударылды. Біздің кітапхана Қазақстанда алғашқылардың бірі болып RFID - технологиясын енгізу жобасын жүзеге асыруға кірісті, бұл пайдаланушыларға қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеретін кітапханалық үрдістерді автоматтандырудың жаңа шешімі.
РАБИС базасы негізінде автоматтандырылған кітап беру, электронды оқырман билеті дайындалды, кітапты түгендеу бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Кіре берісте «ұрлыққа қарсы қақпа» тұр, оқырманды егер кітап тіркелмеген болса шығармайды. Кітапхана холында және абонементте арнайы терминал - өздігінен кітап беретін станция орналасқан.
Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күніне облыстық кітапханада бірінші рет «Кітапханадағы түн - 2014: Жанды кітапхана» шарасы өткізілді, бұл шара дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылуда.
2016 жылы – С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға 120 жыл толды. 17 мамырда «Кітапхана және оқырман: бірлігіміз жарасқан» Ашық есік күні өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және облыстық кітапхананың 120 жылдығына бірнеше жобалар іске асырылды, олар: «Кәсіби бағдар беру. Техникалық білім беру. Жұмыспен қамту» әлеуметтік жобасы, «Ертістің Павлодар өңірінің қазіргі кезеңдегі авторлары» QR-кітапханасы».
2016 жылы облыстық кітапхана алғаш рет «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме - жәрмеңкесіне қатысты.
2017 жыл - кітапхана үшін оқиғалар жылы болды. «Астана ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесі аясында «Техникалық идеялар жәрмеңкесі», Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында «Азаттықты аңсаған Алаш» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
«Бір ел - бір кітап» акциясы біздің жерлесіміз, ақын - демократ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналды. «Павлодар Торайғыровты оқиды», «Сұлтанмахмұт Торайғыровты еске алу күні» әлеуметтік жобалары жүзеге асырылды.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге бағытталған «Латын қарпімен оқимыз» атты акция өтті.
2017 жылы қазанда «Кітапхана әлемі» тақырыбы бойынша «Кітапхана түні» ауқымды шарасы өткізілді. 2000 жуық қала тұрғындары кітапханада ұйымдастырылған 15 алаңмен танысты. Орталық алаң жерлес ақынымыз, драматург, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты А. Шамкеновтың 90 жылдығына арналды. «Туған жер тарланы» атты портрет кеші өтті, кеш қонақтарына «Өмірім менің - өлеңім» кітап көрмесі, «А. Шамкенов - 90 жыл» кітап инсталляциясы ұсынылды. Мерекенің қонақтары үшін «МадЛена» кондитері ұсынған торт тосын сый болды.
2018 жыл - «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Қазақстан кітапханалары» жобасын іске асыру жылы. Облыста кітапханалар жанынан 25 коворкинг-орталықтары ашылды, қазіргі таңда бұл орталықтар ауыл мен қала тұрғындары үшін жиі баратын, сүйікті орындарға айналды. Павлодар облысының бірыңғай онлайн - кітапханасын құруға байланысты жұмыстар басталды.
2018 жылдың 17 шілдесі кітапхана тарихында алтын әріппен жазылатын күн. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында облыстық кітапханаға келді. Ол «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүзеге асырылған Павлодар облысының бірыңғай онлайн - кітапханасын құру, кітапханалық процеске RFID - технологиясын енгізу, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы «Жанашыр» орталығының жұмысымен танысты.
Павлодарда жыл сайын тамыз айында өтетін «Ұлы Дала Елі» халықаралық этнофестиваль аясында облыстық кітапханада кітапханашылар үшін «Қоғамдық сананы жаңғыртуда кітапханалардың рөлі» атты секция өтті. Кітапханашылар кітапхананың 2 жылда жеткен жетістіктерімен танысты.
2019 жылғы 21-22 қарашада С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана «Кітапхана - тарихи білім орталығы» халықаралық конференциясын ұйымдастырды. Екі күнге жоспарланған шараға еліміздің барлық өңірлері мен Ресей және Моңғолия Республикасының өкілдері қатысты. Жиынның алғашқы күні кітап көрмесі, пленарлық отырыс, әр түрлі бағыттағы секциялар ұйымдастырылды. Шараның екінші күні қатысушылар шеберлік сағаттарына, треннингтерге қатысты. Халықаралық ірі шарада өңірлердегі өлкетанушылар жұмысының сапасын арттыру, кітапханалардың оқырмандарға заманауи бағытта қызмет көрсетуі, шекаралық ынтымақтастықты нығайту секілді өзекті мәселелер қаралды. Сондай-ақ қатысушылар С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып, экскурциялық саяхат жасады.
2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында кітапханада «Абай алаңы» жұмыс істеді, ол мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу алаңына және ұлы қазақ ақыны мен ойшылының шығармашылығын қадірлеушілердің кездесу орнына айналды. 2020 жылдың қаңтар айында «Абай әр үйдің төрінде» акциясы басталды. Кітапханашылар «Batyr mall» СОО, Банк бөлімшесі сияқты қоғамдық орындарға барып, ұлы ойшылдың шығармаларын жатқа оқыған қала тұрғындары мен қонақтарын Абай кітаптарымен марапаттады. Карантин кезінде «Абаймен серуен» жобасы жүзеге асырылды, оған келесі іс-шаралар: әдебиеттанушылар А.Тұрышев, Р.Муталиева, С.Елікбай, №16 мектеп-лицейінің оқытушысы Е.Мидони, танымал әңгімеші Д.Әсенов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к. Г.Қажыбаеваның және т.б. онлайн дәрістері кірді. Ескерткіштің ашылу құрметіне кітапхана «Абай әлем тілдерінде» оқу марафонын ұйымдастырды. Кітапхана оқырмандары ұлы ақынның шығармаларын әлемнің 6 тілінде оқыды.
Карантин мен оқшауланудың алғашқы күнінен бастап С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана «Коронатерапия» жобасын жүзеге асыра бастады. Біз оқырмандарымызға, виртуалды ресурстарды пайдаланушыларға және әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардың жазылмандарына кітапхана сайттарында кітап оқуға уақыт бөлуді және ой-өрісімізді дамытуды, көптеген онлайн мәдени-бұқаралық іс-шараларға, акцияларға, жобаларға және т.б. қатыса отырып, білім қорын толықтыруды ұсындық.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Ерлікке тағзым» виртуалды музейінің жобасы жүзеге асырылды. Кітапхананың екі тілде жаңа өлкетану электрондық ресурсы құрылды. Бұл ресурстың ерекшелігі - ҰОС қатысушыларының майданда жазылған бұрын жарияланбаған хаттарын ашық түрде орналастыру. Виртуалды музейді құру кезінде кітапхана оқырмандарының, Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Павлодар облысының мемлекеттік архивінің, облыс кітапханалары мен мектептерінің қорларынан ұсынған майданнан келген хаттары пайдаланылды. Карантинге байланысты сайттың тұсаукесері 2020 жылдың 8 мамырында Zооm платформасында онлайн режимде, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізілді.
2020 жылы кітапхана Павлодар облысының іздеу қозғалысы туралы алғашқы кітапты дайындап шығарды. Бұл Павлодар өңірінің іздеу жасақтарының орасан зор жұмысына арналған құрмет кітабы болды. Кітап тек Павлодар облысының ғана емес, Қазақстанның да іздеу қозғалысы туралы әдебиет қорын толықтырды. Кітапта алғаш рет іздеу қозғалысының павлодарлық белсенділері халықаралық еске алу вахталарына қатысқан Ресей Федерациясының солтүстік-батысындағы бірқатар облыстар мен қалалардың газет материалдары пайдаланылды және ERG корпорациясының қаржылай қолдауымен қазақстандықтарға, соның ішінде павлодарлықтарға да ескерткіштер орнатылды.
Қыркүйек айында жаңа жоба - «PRO Павлодар» өлкетану подкаст-арнасы іске қосылды. Павлодар өңірінің көркем табиғаты, тарихы, мәдениеті, қызықты тұлғалары және бірегей орындары, бірінші тұлғалардың аңыздары мен әңгімелерінің барлығын ресми сайттың басты бетінде орналасқан «PRO Павлодар» подкаст-арнасынан тыңдауға болады.
Биылғы жылғы эпидемиологиялық жағдайға байланысты жыл сайынғы «Кітапхана түні» әлеуметтік-мәдени акциясы онлайн форматта өтті. Облыстық театрлардың мерейтойлары Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының 30 жылдығы, А. Чехов атындағы драма театрының 75 жылдығы - Кітапхана түнінің басты тақырыбы болып таңдалды.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша орындалған күрделі жөндеуден кейін Тұңғыш Президент күні қарсаңында балалар әдебиеті бөлімі жас оқырмандарға есігін айқара ашты, 2020 жылдың 30 қарашасынан бастап Балалар оқуының орталығы атылып, Павлодар жазушысы Сүлеймен Баязитовтың есімі берілді.
Ғимаратты бұрынғы қалпына келтіру жұмыстарынан кейін Орталық бірнеше аймаққа бөлінді:
- Тіркеу аймағы.
- «Білімпаз» оқу аймағы. Мұнда кітап, газет-журналдар оқуға, сондай-ақ үйде оқуға арналған кітапты таңдауға болады.
- «Балдырған» танымдық ойын-аймағы мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған.
- «Өркен» халық шығармашылығы аймағы. Жас оқырман-келушілердің оқуға деген қызығушылығын ұлттық салт-дәстүрлер арқылы дамытуға бағытталған.
- «IT-Бала» медиа-аймағы, балаларды компьютерлік сауаттылыққа баулу және олардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесуге арналған.
- «Зерде» зияткерлік аймағында семинарлар, тренингтер, ойын-сауық іс-шараларын өткізіледі және бейнефильмдер көрсетіледі.